Қазақстан мен Қырғызстанның бір-біріне су беру кестесін сақтамау себебі талқыланады. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады.
"Қырғызстанмен трансшекаралық өзендер саласындағы ынтымақтастық Шу және Талас өзендері бойынша жүзеге асырылады. Су ресурстарын бөлу 1983 жылғы ережелермен реттеледі. Сондай-ақ 2000 жылдан бастап Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы үкіметаралық келісім қолданылады", – деді министр үкімет сағатында.
Мағзұм Мырзағалиевтің мәлімдеуінше, Қырғызстан Қазақстанға негізінен Шу өзенінің бассейнінде орналасқан мемлекетаралық арналар арқылы су беру кестесін сақтамайды.
"Біздің өңір қазір суы аз табиғи кезеңге тап болды. Су беру кестесін сақтамаудың барлық себебі қараша айының соңында өтетін комиссия отырысында талқыланады. Қазіргі уақытта су беру кестесінің бұзылуына жол бермеу мақсатында келесі жылдарға нақты шаралар қабылдануда. Қазақстан тарапы "Киров" су қоймасындағы (Қырғызстан) жөндеу жұмысын аяқтады. Бұл су қоймасын жинақтау режиміне өткізуге мүмкіндік берді. Өз кезегінде осы жайт келесі вегетациялық кезеңге қажетті су көлемін жинауға септігін тигізеді", – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Қанат Махамбет