Қырғызстан мен Қазақстан арасында саяси қайшылық бар ма?

504

Еуразиялық экономикалық комиссия отырысында жаңа мүдделер қақтығысы басталып келе жатқанға ұқсайды.

Қырғызстан мен Қазақстан арасында саяси қайшылық бар ма? Фото: dknews.kz

Кеңесте қырғыз тарабы елімізге жеңілдікпен қант құрағын кіргізуге қарсы шықты. Қос ел арасында саяси қайшылық бар ма? Бішкек неге Ресей мен Беларусь құп көрген қант жеңілдігін қолдамады? Бұл туралы Inbusiness.kz сарапшылардан сұрап білді.

Қырғызстан мен Қазақстан арасында саяси қайшылық жоқ. Бауырлас елдің сыртқы істер министрі Жээнбек Құлубаев қазақстандық әріптесімен кездесуде осылай деді. Сонымен қатар ол барлық өзекті мәселе министрлер, премьер-министрлер және мемлекет басшылары деңгейінде шешілуі керек деп санайды.

"Ежелден екі елді туыстық қатынастар байланыстырып келеді. Сондықтан біз ата-бабамыздан келе жатқан құндылықтарды сақтап, арттыруымыз керек. Тәуелсіздік жылдарында екіжақты қарым-қатынастың берік негізін қаладық және екіжақты іргелі құжаттарға қол қойдық. Бүгінде ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жетіп отыр", - дейді Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кұлубаев.

Жылы жүздесуден соң қос тарап достық әріптестікті одан әрі дамытып, саяси, сауда-экономикалық, су-энергетикалық және гуманитарлық салалар бойынша оң нәтижелерге қол жеткізуге уағдаласты. Бірақ дәл сол уақытта Еуразиялық экономикалық комиссия отырысында айыр қалпақты ағайындар тосын мінез шығарды. 

"2024 жылдың соңына дейін Қазақстан үшін 300 мың тонна көлемінде шикі қамыс қантына тарифтік жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту мәселесін қырғыз тарапы қолдамады. Бұл ретте ЕАЭО қанттың негізгі өндірушілері (РФ және Беларусь) қазақстандық сұранысты қолдады. Бұл мәселе ақпан айының басында ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары деңгейінде қаралады", - делінген ҚР Үкіметінің мәлімдемесінде.

Мамандар Бішкектің бұл әрекетінің саяси астары болуы мүмкін екенін айтады. Себебі Қазақстанға қант құрағы жеңілдікпен кіруі көршімізге де тиімді. Ол аймақтағы сұранысты қанағаттандырып, қымбатшылықтың алдын алады.

"Былтыр білесіздер, қырғыздар біздің оңтүстік Тараз, Жамбыл өңірлеріне келетін суды да тоқтатып тастағандығы. Сол арқылы біздің диқандардың да қатты қиналғандығы. Яғни, сол уақытта олар өзіне тиімді бір 4-5 жобаларын Қазақстан тарапынан жеңілдетілген тұрғыда алуға мүмкіндік алған. Міне осы қазіргі қантқа байланысты да осындай сұрақтардың туындауының өзінің ар жағында басқа да бір мүдделер тұрған сияқты", - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Дегенмен, сарапшылар бұл жағдайды көршіміздің қыр көрсетуі ретінде бағалауға әлі ерте деп санайды. Себебі бұл Комиссия Кеңесінің жаңа жылдағы бірінші отырысы. Нақты шешім алдағы отырыстарда қабылданады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу