Келіссөз барысында тараптар екі елдің шекарасында болған жағдайды реттеуге қатысты бірлескен қимылдарды талқылады.
Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, екі елдің сыртқы істер ведомстволарының өкілдері екі тараптан да кісі өліп, адамдардың жарақаттануына алып келген шиеленісті жағдайды саяси дипломатиялық құралдарды қолдана отырып, бейбіт түрде реттеу керектігін атап өтті.
Министр Р.Қазақбаев қырғыз тарапының өзге елдің жеріне көз тігіп отырмағанын және өз елінің жерін де ешкіммен бөліспейтінін атап өтті. Осы ретте ол шекарадағы барлық шаруашылық мәселелер қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау мен демаркациялау жөніндегі үкімет делегациялары аясындағы жоғары өкілдердің қатысуымен келіссөздер барысында шешілуі қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ ол екі ел арасындағы сенімді әсіресе шекараға жақын жерде нығайтып, шекаралас аудандарда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етумен байланысты шараларды қолға алу керектігіне назар аударып, жергілікті халықтардың арасындағы шиеленісті қоздыруға деген кез келген ұмтылыстың жолын кесу керектігін айтты.
Бірнеше көліссөздердің барысында ҚР мен ТР арасында сағат 20:00-ден бастап, атысты толық тоқтату және әскерді аймақтан алып кету туралы келісім жасалды.