Тәжікстан мен Қырғызстан шекаралық мәселелерді тек келіссөздер арқылы шеше алады. Бұл туралы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қырғызстанмен шекаралас аймақта орналасқан Исфара қаласының басшылығы және бірқатар белсендімен кездесу барысында осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Президент тәжік үкіметінің Қырғызстанмен арадағы мемлекеттік шекараны демаркациялау бойынша келіссөздерді тезірек жүргізуге мүдделі екенін атап өтті.
"Шекара-аумақтық мәселелерді шешу, мемлекеттік шекараны бекіту және оны демаркациялау – өте күрделі процесс, оған көп уақыт керек. Тәжікстан екі тараптың ұлттық мүдделерін ескере отырып, барлық мәселелерді өзара тиімді жолмен шешу жағын қолдайды", – деді Рахмон.
Ол Исфара тұрғындарын тату болуға, өзара түсіністікке, шыдамды болуға және эмоцияға берілмеуге шақырды.
"Шекара маңындағы мәселе келіссөз арқылы шешіледі, одан басқа жол жоқ", – деп басып айтты Тәжікстан басшысы.
Еске сала кетсек, 5 және 10 сәуір аралығында Душанбе қаласында қос елдің делегациялары шекараны делимитациялау және демаркациялау бойынша кезекті кездесу өткізді.
Табиғат Нұрболат
Фото: Тәжікстан президентінің баспасөз қызметі