4 сәуір күні Қырғызстан мұсылмандарының VI құрылтайы өтті. Құрылтайдың шешімімен Қырғызстан мұсылмандарының бас мүфтиі қызметіне Мақсатбек қажы Токтомушев бекітілді, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
Мақсатбек қажы Токтомушев 2014 жылдан бері Қырғызстан мұсылмандары бас мүфтиінің міндетін атқарып келген болатын. Ұзақ жылдан бері түрлі діни қызметте болды. 2005-2013 жж. "Абдулла ибн Масғуд" медресесінің ұстазы, 2008-2010 жж. имам-хатиб, 2010-2013жж. Бішкек қаласының қазысы, 2013-2014 жж. мүфтидің орынбасары қызметтерін атқарған.
Сонымен қатар құрылтайда Қырғызстан мұсылмандарының ғұламалар кеңесінің жаңа құрамы нақтыланып, оның төрағасы ретінде Абдішүкір қажы Нарматов тағайындалды.
Абдішүкір қажы Нарматов – 2000-2003 жж. "Әзіреті Омар" атындағы ислам институтының ректоры, 2003-2006 жж. "Алтын муун" қайырымдылық қорының директоры, 2003-2007 жж. Азия мұсылмандары комитетінің үгіт-насихат бөлімінің басшысы, 2006-2016 жж. Қырғызстан ислам университетінің ректоры болып еңбек еткен.