Қырғызстан Ресейге көмектескені үшін Еуроодақтың санкциясына ілінді

215

"Керемет Банк" пен "Капитал Банк" қаржы ұйымдарына да санкция салынды.  

Қырғызстан Ресейге көмектескені үшін Еуроодақтың санкциясына ілінді Фото: dialog.ua

Қырғызстан Ресейге көмектескені үшін алғаш рет Еуропалық одақтың санкциясына ілінді. ЕО бекіткен жиырмасыншы санкциялар пакеті аясында Бішкекке санкцияларды айналып өтуге қарсы арнайы тетік қолданылды. Бұл механизмді Брюссель өткен жылы енгізген еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап. 

Еурокомиссия мәліметінше, енді Қырғызстанға Еуропадан сандық бағдарламалық басқаруы бар станоктарды, роутерлер мен коммутациялық техниканы қоса алғанда, телекоммуникациялық жабдықтарды экспорттауға толық тыйым салынды. Мұндай шешім аталған тауарлардың Ресейге қайта бағытталу қаупі жоғары болғандықтан қабылданып отыр. Ұйым деректеріне сәйкес, Қырғызстан арқылы Ресейге жеткізілетін жоғары маңызға ие тауарлар көлемі айтарлықтай өскен.

Басылымның жазуынша, Еуразиялық экономикалық одақ пен ҰҚШҰ құрамындағы Қырғызстан Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Ресейге санкцияланған еуропалық тауарлар жеткізілетін негізгі хабтардың біріне айналды.

Brookings Institution дерегіне сәйкес, Эстониядан Қырғызстанға экспорт 10 мың пайызға, Финляндиядан – 3100 пайызға, Польша мен Грекиядан – тиісінше 2200 және 2100 пайызға артқан. Норвегия, Ұлыбритания, Германия және Чехиядан жеткізілім 1000 пайыздан аса өскен.

Былтыр Қырғызстанда Grinex криптобиржасы іске қосылды. Онда рубльге байланған A7A5 стейблкоині саудаланады. Тиісті құрал санкциялар жағдайында трансшекаралық есеп айырысу тетігіне айналғаны айтылған. 2026 жылдың басында оның айналымы 100 млрд долларға жеткен. Бішкекте тіркелген TengriCoin компаниясы қара тізімге енді.

Еуропалық одақ мәліметтеріне сәйкес, стейблкоин саудасы осы ұйым арқылы жүргізілген. Сонымен бірге Қырғызстанның "Керемет Банк" пен "Капитал Банк" қаржы ұйымдарына да санкция салынды.

20-санкциялар пакетіне Қазақстан, Қытай, Беларусь, Түркия, Өзбекстан және БАӘ компаниялары да кірді.

Бұдан бөлек Ресейдің "көлеңкелі флотына" тиесілі тағы 46 танкер, 12 мұнай өңдеу зауыты, "Газпром" мен "Роснефтьтің" еншілес құрылымдары және 20 банк қара тізімге енгізілді. Олармен кез келген қаржылық операция жасауға толық тыйым салынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу