Қырғызстанның ІІМ Тәжікстанмен арадағы шекарада болған қақтығыстан кейін "бейбітшілікке қарсы қылмыс" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды inbusiness.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Халықаралық келісімдерді бұза отырып, Тәжікстан Республикасының шекара қызметінің әскерилері Баткен ауданының Көк-Таш ауылындағы Чыр-Добо, Құм-Мазар, Дахма учаскелеріне, сондай-ақ Орто-Боз ауылындағы Төрт-Коч учаскесіне және Көк-Таш ауылындағы ІІМ әскерінің 707-ші әскери бөлімінің ғимаратына шабуыл жасады", – деп жазылған хабарламада.
Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, қырғыз және тәжік әскерилерінің арасындағы қақтығыс кезінде Қырғызстанның 11 азаматы зардап шеккен. Олар қазір медициналық ем қабылдап жатыр.
Тәжікстан тарапының хабарлауынша, атыс кезінде 10 тәжікстандық жарақат алып, тағы екеуі қаза тапты.
28 қаңтарға қараған түні тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келді.
Ескере кететін жайт, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында мұндай қақтығыстар жиі болып тұрады. Бұған шектес мемлекеттердің арасындағы шекара сызығының айқындалмаған тұстары себеп болып тұр.
Табиғат Нұрболат