Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан шекара дауына нүкте қойды

241

Бауырлас Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің басшылары мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісімді бекітті.    

Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан шекара дауына нүкте қойды Фото: president.uz

Сондай-ақ үшеуі мәңгі достық туралы декларацияға қол қойды. Тараптар тиісті құжаттарды Тәжікстанның Худжанд қаласында өткен саммит кезінде қабылдады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Үш елдің мемлекеттік шекаралараның түйісу нүктесі Өзбекстанның Ферғана, Қырғызстанның Баткен және Тәжікстанның Соғды облыстарының шекаралас аймағында орналасқан. Бұл орынды анықтау туралы келіссөздер 17 жыл бұрын басталған. Тараптар тек былтыр ғана ортақ келісімге келді.

Биыл қаңтарда осы түйісу нүктесінде үш ел басшысының кездесуі өтті. Өзбекстан президенті мұнда ескерткіш орнатуды ұсынып, қалғандары бұл бастаманы қолдаған еді. 2022 жылы Қырғызстанда Кемпір-Абад деп аталып кеткен Андижан су қоймасы Өзбекстан иелігіне өтті. Орнына ресми Ташкент шекаралас жерлерді берді. Кейін Қырғызстан мен Тәжікстан да кей аумақпен айырбас жасап, су құрылымдарын ортақ пайдалануға келісті. Тиісті құжатқа биыл 13 наурызда Бішкекте Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмон қол қойды.

Ал Худжандта екі ел басшысы келісім-шартты ресми бекіту қағазымен алмасты. Мемлекет басшылары шекаралардың түйісу нүктесі туралы келісім әр елдің аймақтық тұтастығы мен егемендігіне құрмет көрсету әрі Орталық Азиядағы тиімді серіктестіктің үлгісі екенін атап өтті.

Құжаттың экономикалық байланыстарды нығайтып, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және өңірде туризмді дамытуға септігін тигізетінін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу