Қырғыз Республикасының жоғарғы кеңес депутаттары ел үкіметіне сенімсіздік вотумын білдірді. Осы шешімге 101 депутат дауыс берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұрын "Республика - Ата-Журт" фракциясының лидері Жырғалбек Тұрысқұлов төраға Дастанбек Жұмабековтен парламент отырысының күн тәртібіне үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру туралы мәселені енгізуді сұраған болатын. Оны "Ата Мекен" фракциясының басшысы Алмамбет Шыкмаматов та қолдады.
Содан кейін Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылыс, сот-құқық мәселелері және жоғарғы кеңестің регламенті жөніндегі комитет 15 минуттық отырыс өткізді және министрлер кабинетіне сенімсіздік вотумын білдіру туралы мәселені парламенттің қарауына енгізу туралы шешім қабылдады.
Кейін депутаттардың дауыс беруі бойынша, жоғарғы кеңес үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру туралы қаулы қабылдады, оған 101 депутат дауыс берген.
Еске сала кетейік, "Республика - Ата Журт", "Ата Мекен" және "Онугуу-Прогресс" фракциялары үкімет ұсынған 2017 жылдың есебіне қанағаттанбаған болатын. Бұған дейін Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы мен "Қырғызстан" партиясы министрлер кабинетінің есебін қабылдаған.
Сапар Исақовтың үкіметі 2017 жылғы 26 тамызда бекітілген.