Қырғызстанда жерлеу ісі туралы заңға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Құжатта кремациядан толықтай бас тартуды қамтитын норма бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Құжатқа сәйкес, заңнан марқұмның денесін өртеу және күл салынған урналарды колумбарийлер мен еске алу қабырғаларына қоюға рұқсат беретін нормаларды алып тастау көзделген. Жерлеу туралы бапта тек мәйітті жерге дәстүрлі түрде көму тәсілін қалдыру ұсынылып отыр.
Бұдан бөлек "кремация" ұғымын толық өзгерту қажеттігі туралы да айтылған. Бүгінгі таңда тиісті термин марқұмның денесін өртеуді білдірсе, жаңа редакцияда кремация арнайы техникалық қондырғыларда биологиялық қалдықтар мен жануарлардың өлекселерін санитарлық мақсатта өртеу деп түсіндірілмек.
Заң жобасында крематорийлерді адам денесін, сондай-ақ түсік тасталған немесе шетінеп кеткен нәрестелердің денесін өртеу үшін пайдалануға тыйым салу да жеке көрсетілген. Бұл ретте крематорийлерді санитарлық утилизация нысандары ретінде қалдыру ұсынылған. Бұл нысандарды медициналық мекемелер, ветеринарлық қызметтер мен тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары жанынан орналастыруға рұқсат етіледі.
Құжат авторлары осылайша құқықтық белгісіздікті жоюды мақсат етіп отыр. Заң жобасының негіздемесінде инфекция жұқтырған жануарлар мен қауіпті биологиялық материалдарды жерге көму топырақ пен жерасты суларының ластануына әкелуі мүмкін екені айтылған. Мұндай қалдықтарды жоюдың ең қауіпсіз тәсілі жоғары температурада өртеу деп көрсетілген.