Қырғызстанның Ош қаласының әкімі Женишбек Токторбаев "Жетіген" жалпы білім беретін мектебінің асханасында жүргізілген тамақтану сапасына қатысты тексеріс барысында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру кезінде оқушыларға ұсынылатын тағамдардың сапасы белгіленген талаптарға сай келмейтіні белгілі болды. Атап айтқанда, қатқан нан мен тиісті деңгейде дайындалмаған самса ұсынылған.
Қала әкімі аталған жағдайға байланысты жауапты тұлғаларды қатаң сынға алды.
"Мұндай тағамды балаларға беруге болмайды. Нан қатты, жеуге жарамсыз күйде. Бұл – санитарлық және сапа талаптарының өрескел бұзылуы. Осындай өнімді өз балаларыңызға ұсына алар ма едіңіздер? Самсаның да сапасы сын көтермейді. Мұндай тағамды мұғалімдерге де ұсынуға болмайды", – деді әкім.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, анықталған кемшіліктер бойынша жауапты қызметкерлерге тиісті шаралар қолдану және мектеп асханасындағы тамақтану сапасын жақсарту жөнінде тапсырма берілді. Сонымен қатар білім беру мекемелеріндегі тамақ өнімдерінің сапасын бақылау күшейтілетіні атап өтілді.