Қырғызстанда орыс тілін ресми мәртебеден айыру ұсынылды

875

Конституциялық кеңестің мүшесі Садирдин Торалиев қазіргі жастар қырғыз тілінде сөйлемейді деп отыр.

Қырғызстанда орыс тілін ресми мәртебеден айыру ұсынылды Фото: ria.ru

Қырғызстандағы конституциялық кеңестің мүшесі Садирдин Торалиев орыс тілін ресми мәртебеден айыруды ұсынды. Бұл туралы 24.kg басылымы хабарлады.

"Бұл, әрине, радикалдық үндеу ретінде естілуі мүмкін. Бірақ менің ұсынысым – мемлекеттік тіл ретінде тек қырғыз тілін бекіту. Қалған тілдерді басқа заңдардың аясында дамытамыз. Бүгінгі таңда орыс тілі ресми мәртебеге ие. Бұлай болмауы тиіс", – деді ол.

Оның айтуынша, қазір жастар ана тілінде сөйлеуден қалған. Торалиев қырғыз тілін сақтап қалу үшін тиісті жағдай жасалуы керек деген ойда. 

"Жастар неге қырғыз тілін үйренбейді? Өйткені оған деген қажеттілік жоқ. Ол үшін тиісті жағдай жасалуы керек. Сонда ғана олар ана тілін үйреніп, өз тілінде сөйлеуге көшеді", – деп басып айтты Торалиев.

Бұған дейін Қырғызстан парламенті Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум тағайындау туралы заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарған болатын. Құжат бойынша халық құрылтайын халық билігінің жоғары кеңесші, консультативтік және үйлестіруші органы ретінде енгізу, Мемлекет басшысына министрлер кабинетінің құрылуы мен оның жұмысына қатысты жауапкершілікті жүктеу, сондай-ақ Парламент депутаттарының санын 120-дан 90-ға дейін азайту ұсынылған. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу