Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Эдуард Кубатов Наталья Наговицына болған "Құс" жартасы маңындағы жағдайды дронмен түсірілген бейнекадрлар арқылы көрсетті. Түсірілім 2 қыркүйекте "Жеңіс шыңы" етегіндегі "Оңтүстік Энилчек" базалық лагерінен жасалған.
– Өкінішке қарай, Наталья Наговицынадан өмір белгілері байқалмайды. Құтқару жұмыстары толық тоқтатылды. Бейнематериалдар оның ұлына беріледі, – деді ол.
Оның айтуынша, қырғыз тарапы альпинистті құтқару үшін бар күшін салғанымен, биіктіктің тым жоғары болуы, ауа райының қолайсыздығы және тікұшақтың қонуына мүмкіндік болмауы нәтиже бермеген.
– "Жеңіс шыңы" тарихында 7200 метр биіктікте ешқашан сәтті құтқару операциясы болған емес. Сондықтан құтқарушылардың өмірін қатерге тігуге қақымыз жоқ еді, – деді Эдуард Кубатов.