Қырғызстан парламенті премьер-министр Жапаров басқаратын министрлер кабинетінің бағдарламасы мен құрылымын мақұлдады. Депутаттар Садыр Жапаровты үкімет басшысы лауазымына бекітті. Бұл туралы 24.kg басылымы хабарлады.
Жогорку Кеңеш отырысына 83 депутат қатысқан. Олардың барлығы да осындай шешім қабылдады. Енді бұл жарлыққа ел президенті Сооронбай Жээнбеков қол қоюға тиіс. Тіпті, мемлекет басшысы үш күн ішінде қол қоймаса да, Жапаров бәрібір премьер болып қала бермек.
10 қазанда Жогорку Кеңештің кезектен тыс отырысында Садыр Жапаров үкімет басшысы болып бекітілген еді. Бірақ президент жарлыққа қол қоймай, құжатты парламентке кері жіберген болатын.
Еске сала кетсек, 5 қазанда Бішкектің Ала-Тоо деп аталатын орталығында парламентке өтпей қалған партиялардың 2 мыңға жуық жақтасы бас көтерген еді. Олар парламенттік сайлаудың қорытындысын мойындамай, қайтадан өткізуді талап етті. Кешке қарай құқық қорғаушылар оларды таратпақшы болған еді, бірақ оның арты қақтығысқа ұласып кетті. Құқық қорғаушылар мен ереуілшілер арасында болған қақтығыста 1,2 мың адам жарақат алып, 1 адам қаза тапты.
Табиғат Нұрболат
Фото: kabar.kg