Қырғызстанның жоғарғы оқу орындары келесі жылдың басында ашылады. Бұл туралы ел премьерінің орынбасары Эльвира Сұрабалдиева мәлім етті.
"ЖОО жаңа жылдан кейін жұмысқа кіріседі. Сәл шыдай тұрыңыздар. Қалалардағы балабақшаларға қатысты мәселелерді қарастырып жатырмыз. Қазір созылмалы ауруы барлар мен егде жастағы науқастарды орынмен қамтасыз ету мәселесі алаңдатып отыр", – деп жазды ол Twitter-дегі парақшасында.
Оның айтуынша, мектептер жабық болғандықтан, оқушылардың ата-аналары мұғалімдермен келісіп, балаларын жеке нысандарда оқытып жатқан көрінеді.
Ресми дерек бойынша, Қырғызстанда коронавирус дертіне шалдыққандардың саны 72 мыңнан асты. Оның 63 мыңы сауығып, 1200-ден астамы аурудан қаза тапқан.
Табиғат Нұрболат
Фото: today.kg