Қырғызстанда соңғы уақытта жиілеген электр қуатының апатты түрде ажыратылу себептері арнайы комиссияның қатысуымен тексеріледі.
Министрлер кабинеті төрағасы Адылбек Қасымалиев аппарат отырысында электр желілеріндегі ақауларға қатысты жағдайды сынға алды. Оның мәліметінше, соңғы бір жарым жылда ел бойынша жоғары вольтты электр желілерінде 26 апатты үзіліс тіркелген.
Билік өкілі мұндай жағдайларға электр жабдықтарын пайдалану және қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, техникалық ақаулар, мердігер ұйымдардың жұмысы салдарынан желілердің зақымдануы, сондай-ақ жауапты басшылардың салғырттығы себеп болғанын айтты.
Қасымалиев Президент Әкімшілігінің шешімдердің орындалуын бақылау бөлімінің басшысы Азамат Апсатаровқа мәселені жеке бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар елдің бірнеше өңірінде болған электр қуатының үзілу оқиғаларын, соның ішінде 14 тамыздағы жағдайды жан-жақты тексеру үшін арнайы комиссия құруды міндеттеді.
Тексеру қорытындысымен электрмен жабдықтаудағы ақауларға жол берген министрлік, энергетикалық компаниялар мен мердігер ұйымдардың жауапты тұлғаларының әрекетіне құқықтық және тәртіптік баға беріледі.
Комиссия кінәлілерді анықтаған жағдайда, оларға қатаң шара қолданылмақ.