ҚР парламенті мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа қосылды. Одақтың кедендік шекарасы сыртқы контурға, яғни қырғыз-қытай, қырғыз-тәжік, қырғыз-өзбек шекараларына ауысты. Бұл ретте, қырғыз шекарасының инфрақұрылымы сапалы жарақтандыру мен жаңғыртуды қажет етеді. Елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және одақтың сыртқы шекарасын бақылау мақсатында мемлекет басшылары деңгейінде Қырғызстанға көмек көрсету туралы шешім қабылданды. Көмек Қырғызстанның одаққа қосылуы жөніндегі "жол карталарында" көзделген іс-шараларды іске асыруға бағытталған. Осы шарттар 2016 жылы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасының үкіметі мен Қырғыз Республикасының үкіметі арасындағы еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісіммен бекітілген. "Келісімнің 2 және 3-баптарын іске асыру үшін көмек көрсету тәртібі мен техникалық жәрдем көрсету іс-шаралары тізбесі (шығындар сметасы) әзірленді",-деді қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Тәртіпке сәйкес, көмек бірнеше транштармен беріледі. Әр кезде жеке техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаларға қол қойылады және ратификацияланады. Екіншіден, іс-шаралар тізбесіне Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы бойынша "жол картасының" іс-шаралары ғана кіреді. Үшіншіден, көмек ақшалай қаражат, жабдықтар, тауарлар мен қызметтер, оқыту формалары арқылы көрсетілуі мүмкін. Транштардың жүзеге асырылу қорытындысы бойынша оны пайдалануды бақылау қамтамасыз етіледі.