Қырғызстанға Олимпиада жүлдесін сыйлаған тұңғыш боксшы шаңырақ көтермек

575

Боксшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Қырғызстанға Олимпиада жүлдесін сыйлаған тұңғыш боксшы шаңырақ көтермек Фото: instagram.com/ashimovv_

Париж Олимпиадасында күміс жүлде иеленген Қырғызстан құрамасының боксшысы Мұнарбек Сейітбекұлы үйленетінін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Франция астанасында өткен ХХХІІІ жазғы ойындарда 57 келіде финалға дейін жеткен боксшы ел тарихындағы Олимпиада жүлдесін иеленген алғашқы боксшы атанған еді. Парижден оралған спортшы өз сұхбатында жақында үйленетінін айтып, өзіне сүйсінген қыздардың көңілін алабұртып қойды.

Белгілі боксшы Олимпиадаға бармас бұрын көңіл жарастырған қырғыз аруына ұсыныс жасап, басты жарыстан кейін үйлену туралы серттескен. Бұл туралы әлеуметтік желіде көптеген бейнежазбалар жариялана бастады. Сонымен бірге, боксшының тойы 24 тамызда өтетіні белгілі болды.

Мұнарбек Сейітбекұлы Олимпиада ойындарында 57 келіде 4 кездесу өткізіп, оның үшеуінде басым түсті. Ол финалда өзбекстандық қарсыласымен терезесі тең айқасып, алайда күмісті қанағат тұтты.

Аталған боксшы өткен жылы әлем чемпионатында қола жүлде иеленіп, ел тарихында бокстан айтулы жүлде алғаш иеленген спортшы атанған. Сондай-ақ, төртжылдықтың басты ойындарында да жүлде алған тұңғыш спортшы болды.

Айта кетейік, Қырғызстан спортшылары Париж Олимпиадасында 6 жүлде иеленді. Оның екеуі күміс болса, төртеуі қола медаль. Сондай-ақ, тағы 4 балуан қола жүлде үшін белдесуде есе жіберіп, бесінші орынға тұрақтады.

Қырғызстан құрамасы қатарында Париж Олимпиадасына 16 спортшы аттанған еді. Жалпы нәтиже бойынша, олардың 10-ы жүлдеге таласқан. Кейін ел билігі Парижге барған барлық спортшыға көлік мінгізіп, 500 мың сомнан 10 млн сомға дейінгі аралықта қаржылай сыйақы табыстады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу