6 наурызда Қазақстан-Қырғызстан шекара учаскесінің "Қарасу" (Жамбыл облысы) автомобиль өткізу пунктінде 80 тонна "АИ-92" маркалы жанар-жағармай материалдарын заңсыз тасымалдамақ болғандар ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жанар-жағармай материалдарын заңсыз тасымалдаушылар мұнай өнімін цемент қаптарының арасына жасырып өткізбек болған.
"Екі жүк машинасын тексеру кезінде цистерналардың сырты ағаш үгіндісі салынған қаптармен жабылғаны анықталды. Ұсталған жанар-жағармай материалдары Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне берілді", – деп жазылған хабарламада.
Айта кетсек, қазіргі уақытта Қазақстан аумағынан бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынған.