Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев "Апрель" телеарнасы арқылы ресми мәлімдеме жасады.
"Өкінішке орай, билік менің үндеуіме құлақ асып отырған жоқ. Мен бірнеше рет жазбаша түсінік беруді ұсынған едім. Кеше ғана менің өкілім Сергей Слесарев ішкі істер министрлігінде болып, жауаптарымды жеткізбек болды. Мен кез-келген сұраққа жауап беруге дайынмын, өйткені ешқандай жемқорлықпен айналыспадым. Бұл туралы Сооронбай Жээнбеков та біледі", – деді ол.
"Мен тағы да биліктен дұрыстап ойлануын сұрап, қауіпсіздік күштеріне "халыққа оқ атпаңыз" дегім келеді",– деді Атамбаев.
Естеріңізге сала кетейік, 7 тамызда Бішкек уақытымен кешкі сағат сегіз шамасында арнайы жасақ экс-президент Алмазбек Атамбаевты ұстау үшін оның Қой-Таш ауылындағы үйінде операцияны бастаған болатын. Бірақ Атамбаевтың жақтастары оларға тойтарыс беріп, салдарынан арнайы жасақтың 1 қызметкері қаза тапты.Тағы 42 кісі жарақат алған.
Ал Алмазбек Атамбаевтың қызы Әлия Шагиева әкесінің ұсталмағанын айтады. Ол Instagram-дағы парақшасында: "Әкем ешқайда қашқан жоқ. Ешкім оны қамауға алмады. Ол Қой-Ташта",– деп жазды.
27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырып, елдің ІІМ оны тергеуге шақыра бастаған еді.
Атамбаевқа қызметінде жемқорлыққа жол берді, өкілеттігін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген айыптар тағылып отыр. Өз кезегінде Алмазбек Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар екенін алға тартты.
Табиғат Нұрболат