Қырғызстанның тау шатқалында қалған қазақстандық туристер әлі эвакуацияны күтіп отыр

Көмек көрсетуге Қара-Тоқой көлі маңындағы өзеннің күрт тасуы себеп болды.   

Қырғызстанның тау шатқалында қалған қазақстандық туристер әлі эвакуацияны күтіп отыр Фото: Azattyq Rýhy

Қырғызстанның Чатқал аңғарында демалып жүрген бірнеше елдің туристер тобы үш тәулік бойы тау арасында шыға алмай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

24.kg сайтының жазуынша, олардың тобында 10 адам бар, оның үшеуі – бала. Сонымен қатар, жақын маңда Бішкектен келген тағы бір туристік топ та бөгеліп қалған. Онда шамамен 30 адам бар.

– Біздің осында тұрғанымызға үшінші күн болды. Көпірлер қалпына келтірілгенше күте тұруды өтінді. Көліктеріміз бен шатырларымыз бар, түнейтін жерден таршылық көріп отырған жоқпыз. Барлығының жағдайы жақсы, бізде еш қорқыныш жоқ, – дейді турист Вильдан. 

Қатты ағыс салдарынан Чатқал өзенінің салалары арқылы өту мүмкін болмай қалған. Сол себепті, саяхатшылар өз күштерімен өзеннен өте алмай, тау арасында оқшауланып қалған.

Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі оқиға орнында құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандар өзеннің арғы бетінде қалған туристерге азық-түлік пен ең қажетті заттарды арнайы арқандар арқылы жеткізуде. Мұнымен қоса, маңайдағы ауыл тұрғындары мен шопандар да қолдау көрсетіп, қолдан келген көмегін аямаған.

Қазақстандық туристер қиын жағдайда жәрдем берген қырғызстандықтарға алғыс айтты.

– Көмектесіп жатқан жандарға көп рақмет! Шопандар, жақын маңдағы ауыл тұрғындары, ТЖМ қызметкерлері – бәрі бізді қолдап, азық-түлік әкеліп, қолдарынан келгенше көмектесуде. Әрқайсысына алғысымыз шексіз, – деді Вильдан.

Қазір туристерде шатырлар, жеке көліктер және азық-түлік қоры жеткілікті. Олар арнайы техника бұзылған өткелдерді қалпына келтіріп, жол ашылғаннан соң ғана Чатқал аңғарынан шыға алады. Жергілікті билік жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу