Қыркүйек айы үшін 40 мың медицина қызметкеріне 10,1 млрд теңге үстемеақы төленеді

782

ДСМ 7 айда коронавируспен күреске тартылған дәрігерлер қанша үстемеақы төленгенін жариялады. 

Қыркүйек айы үшін 40 мың медицина қызметкеріне 10,1 млрд теңге үстемеақы төленеді

COVID-19 індетімен күреске тартылған медицина қызметкерлеріне 75,7 млрд теңгенің үстемеақысы төленген. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов осындай статистика келтірді.

"Қазақстанда COVID-19-бен және вирустық пневмониямен күресте эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған  медицина қызметкерлерін ынталандырып, көтермелеу үшін жалақыға үстемеақылар көзделген. Бұл жәрдемақыларды ай сайын әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді. Қордың  медицина қызметкерлерінің алдындағы міндеттемелері толық және уақытында орындалатынын атап өткім келеді. Мәселен, наурыз-тамыз аралығында  75,7 млрд теңге үстемеақы төленді. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша 40 мыңнан астам медицина қызметкері 10,1 млрд теңге көлемінде үстемеақы алады. Қазіргі уақытта үстемеақы алушылардың тізімін қалыптастыру бойынша өңірлік  комиссиялардың жұмысы жүргізілуде",– деген ол аталмыш бағытта әр айда төленген ақшаның есебін де берді. 

"Инфекциямен қауіпті жағдайларда жұмысқа тартылған медицина қызметкерлерінің саны эпидемиологиялық жағдайға байланысты ай сайын өзгеріп отырады. Егер наурыз айында коронавируспен жұмыс істеуге 19 медицина қызметкері тартылса, шілдеде олардың саны 79 мыңға жетті. Айлар бойынша статистика келесідей. Сәуір айында 42 926 медицина қызметкері 7,6 млрд теңге, мамыр айында 40 416 медицина қызметкері 8,7 млрд теңге, маусым айында  53 160 медицина қызметкері 12,3 млрд теңге, шілде айында 78 963 медицина қызметкері 29,4 млрд теңге, тамыз айында 66 249 медицина қызметкері 16,8 млрд теңге алды. Өздеріңіз білетіндей денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен тәуекел топтары алушылардың тізімін қалыптастырды", – деді Болат Төкежанов.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу