Қыркүйек айына дейін әлем халқының 10 пайызына екпе егілу керек –Тедрос Адханом Гебрейесус

952

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директорына Орталық Азияның әлеуетін арттыру жөніндегі Қазақстанның пилоттық жобасын ұсынды.  

 Қыркүйек айына дейін әлем халқының 10 пайызына екпе егілу керек –Тедрос Адханом Гебрейесус

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен видео конференция режимінде кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы, атап айтқанда, коронавирус пандемиясына қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен арадағы ықпалдастықтың деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ Тедрос Адханом Гебрейесустің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының ашылуында COVID-19 індетіне қарсы вакциналау жөніндегі жаһандық күш-жігерді күшейтуге шақырған сөзін қолдады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бас директорының айтуынша, қыркүйек айына қарай жер шарындағы халықтың 10 пайызына екпе егіліп, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 30 пайызға жетуі керек.

Президент елімізге нақты көрсеткен қолдауы, яғни пандемияның алғашқы айларында қорғаныш құралдары мен медициналық жабдықтарды жеткізіп бергені үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ризашылық білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Адханом Гебрейесуске Қазақстанда коронавируспен күресу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді.

Әңгімелесу барысында COVID-19 індетіне қарсы екпе егу үдерісіне баса мән берілді. Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысына қазақстандық QazVac вакцинасының клиникалық сынамаларының алдын ала нәтижелері туралы айтты. Отандық вакцинаның тиімділік деңгейі 96 пайыз. Қазіргі уақытта салалық органдар отандық вакцинаға келісім алу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жұмыс жүргізіп жатыр. Тедрос Адханом Гебрейесус Қасым-Жомарт Тоқаевтың пандемияға қарсы күрестегі еңбегіне жоғары баға берді.

– Бүгінге дейін 2 миллион адамға вакцина салынған екен. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Көптеген ел мұндай деңгейге жеткен жоқ. Халықтың 55 пайызына екпе саламыз деген мақсаттарыңыз қолдауға тұрарлық, – деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы.

Сонымен қатар ол QazVac екпесінің әзірлемесін қолдайтынын және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдай кезінде пайдалануға болатын дәрі-дәрмектердің тізіміне қосу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін айтты.

Тараптар алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің даму перспективаларын, атап айтқанда, 2018 жылы қабылданған Астана декларациясын ілгерілету мәселесін қозғады. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанның бастамасы бойынша әзірленетін Алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы саяси резолюцияны қолдауға шақырды. Аталған құжат 2022 жылы өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясында қабылдануы мүмкін. Резолюция жобасында Астана декларациясының міндеттері мен Алғашқы медициналық-санитарлық көмек механизмдері қамтылған. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Адханом Гебрейесусқа "One Health" бағдарламасы аясында дайындалған Орталық Азияның әлеуетін арттыру жөніндегі Қазақстанның пилоттық жобасын ұсынды. Бұл жоба ауру мен биоқауіпсіздікті бақылаудың өңірлік орталығын құруды мақсат етеді.

Тараптар пандемияның сын-қатерлерін еңсеру мақсатында тығыз ынтымақтаса жұмыс істеуді жалғастыруға уағдаласты. Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құндылықтары мен мақсаттарын одан әрі ілгерілетуге әзір екенін нақтылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу