Қыркүйектің соңына дейін Қарағанды және Жамбыл облыстарының аумағындағы "Орталық – Оңтүстік" көлік дәлізінің 127 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған, деп жазды inbusiness.kz.
Қазір жол-құрылыс жұмыстарының соңғы сатысы жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті хабарлады.
Мәселен, "Балқаш – Бурылбайтал" жол учаскесінің 288 шақырымы жаңғыртылуға тиіс. Құрылыс жұмыстарымен Sinohydro Corporation Limited ДББҰ ҚҚ, "Син Мидас Строй "БК" ЖШС, Todini Central Asia және Sinohydro Bureau 16 ЖШС айналысып келеді.
Бұл ретте "Орталық – Оңтүстік" күре жолының құрылысы "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзиттік автожолын жаңғырту жобасының аясында жүргізіліп жатқанын естеріңізге сала кетейік.
Жоғарыда айтқандай, қыркүйек айының соңына дейін "Балқаш – Бурылбайтал" учаскесінің жалпы 127 шақырымға жететін 3 учаскесін, атап айтқанда 1864-1905, 1905-1955 және 2069-2150 шақырымдары бойынша жол қозғалысын ашу көзделіп отыр. Қазір аталған учаскелерде демалыс алаңдарын, аялдамаларды абаттандыру, жол белгілерін орнату, сондай-ақ таңбалау жұмыстары істеліп жатыр. Бұған қоса санитарлы-гигиеналық тораптармен қамтамасыз етілетін демалыс алаңдары да қарастырылғанын айта кеткен орынды. Сонымен бірге шағын бизнесті дамыту мен жол пайдаланушыларының ыңғайлығы үшін жергілікті тұрғындарға сауда алаңдарын орнатуға мүмкіндік беріліп отыр.
Тұтастай ұзындығы 161 шақырымға жететін – 1955-2005, 2005-2069, 2105-2152 шақырымындағы тағы үш учаскеде жөндеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өткен жөн. Қазір жол жабынын төсеу мен қазу жұмыстары жүргізіліп келеді. Жыл соңына дейін бір жолақпен қозғалысты қамтамасыз ету межеленген.
Бұдан басқа осы учаскелерде су өткізу құбырлары мен малға арналған өткелдерді орнату бойынша жұмыстар аяқталып, жолдың жоғары және төменгі қабаты төселді. Бүгінде көпірлер мен өтпежол секілді жасанды құрылыстарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осы орайда "Балқаш – Бурылбайтал" автожол жобасының құрылыс жұмыстарына 985 жолшы маман мен 450-ге жуық техника тартылғанын атап өткен абзал.