Қыркүйекте теңге бағамы 3,4%-ға әлсіреді

Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін қыркүйекте биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. 

Қыркүйекте теңге бағамы 3,4%-ға әлсіреді Фото: inbusiness.kz

Қыркүйек айының қорытындысы бойынша, теңге бағамының 1 АҚШ долларына қатынасы 474,99 теңгеге дейін 3,4%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 158 млн-нан 162 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,4 млрд АҚШ долларын құрады.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қыркүйекте 1155 млн АҚШ долларына валюта сатылды. 

"Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 34%-ын және күніне 55 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын үнемі және біркелкі сату дегенді білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді", – деп хабарлады Ұлттық банк. 

Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін қыркүйекте биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 200 млн АҚШ долларын немесе нарықтағы жалпы көлемнің шамамен 6%-ын құрады.

"Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ (ҚДКҚ) активтерінің валюталық үлесін ұлғайту аясында Ұлттық Банк қыркүйекте 60 млн АҚШ долларына валюта сатып алды.

Ұлттық Банк қыркүйекте валюталық интервенция жүргізген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу