Өңірлік бөліністе жаңа салынған үйлердің бағасы жылдық мәнде Ақтөбе қаласында – 32,5%, Қостанайда – 27%, Астанада – 26,6%, Өскеменде – 25,3%, Көкшетауда – 20,3% және Ақтауда 19,3% қымбаттады. Дәл осы нарықтағы бағаның болмашы өсімі Павлодарда (0,9%) және Талдықорғанда (1,8%) тіркелді.
Қолданыстағы пәтерлерді қайта сату нарығындағы баға өсімінің тізімін Қызылорда (45%), Ақтөбе (44,3%), Өскемен (40,4%), Талдықорған (38,8%), Ақтау және Астана қалалары (38,4%) бастап тұр. Ал бағаның ең аз өсімі Түркістан (12,2%) мен Атырау қаласына (13,3%) тиесілі.
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктеп байқау деректері негізінде қалыптастырылады.
Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады.