Қыркүйектен бастап ЖОО оқытушыларының жалақысы өседі

1537

Еңбекақылары өскен ұстаздардың оқу жүктемесі керісінше төмендетіледі.

Қыркүйектен бастап ЖОО оқытушыларының жалақысы өседі

ҚР Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағынышты жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы 2021 жылдың қыркүйегінен бастап артады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Енді олар ай сайын кемінде 200 мың теңге алатын болады. Аға оқытушының еңбекақысы кемінде 230 мың теңгені құрап, қауымдастырылғсн профессорлар – 260 мың теңге, профессор – 350 мың теңге, ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге алуы тиіс. Бұл шешім ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЖОО оқытушыларының жалақысын арттыру туралы тапсырмасын орындау аясында қабылданды", – деп жазылған министрлік таратқан хабарламада. 

Штаттағы оқытушыларға ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеу туралы тиісті бұйрыққа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қол қойды.

Бұл ретте, егер оқытушылардың жалақысы көтерілетін болса, онда олардың оқу жүктемесі, керісінше, төмендетіледі. Бұл мұғалімдердің ғылыми қызметпен айналысуларына мүмкіндік пен уақыттың жеткілікті болуы үшін жүзеге асырылмақ.

"Біз жоспарлы түрде оқытушылар үшін жайлы жағдай жасап, еңбекақыны және педагогтердің мәртебесін арттырып жатырмыз. ЖОО оқытушыларының жалақысы да жоғарылайтын болады. Егер біз білімнің жоғары деңгейде болуын қаласақ, мұғалімдерге лайықты жалақы төлеу керек екенін түсінуіміз керек. Бұл ретте біз жоғары оқу орындары тарапынан сапалы жұмысты, ал оқытушылардан оқу процесіне асқан жауапкершілікпен қарауды талап етеміз. Бұған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы жоо оқытушыларының жалақысын көтеруді тапсырған болатын. Министрлікке ведомстволық бағынышты ЖОО оқытушыларының жалақысы 2019 жылдың қыркүйегінде 20%-ға, 2020 жылдың қыркүйегінде тағы 20%-ға өсті. Енді штаттағы оқытушылардың ең төменгі жалақысы ай сайын 200 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар әр университет басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін қосымша ақы төлей алады. Жоғары оқу орындарының директорлар кеңесі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы қажет", — деп атап өтті Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
 
Педагогикалық жүктемеге келетін болсақ, енді бір ставканың ең жоғары мөлшері бір оқу жылында 680 сағаттан аспайды. Айта кеткен жөн, бұрын ең төменгі жалақы мен сағаттық жүктемелерге қойылатын талаптар заңмен реттелмеген. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу