Қырқынан шыққан қыз миллионер атанды

1862

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтаған еліміздің 19 миллионыншы азаматы Жәния Азаматқызына 1 млн теңгенің сертификаты табысталды. 

Қырқынан шыққан қыз миллионер атанды


 

Бұл туралы ақпаратты Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz

Мемлекет басшысы назар аударған нәрестені Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың атынан облыс әкімінің орынбасары мен Іле ауданының әкімі арнайы барып құттықтады. 

"Жанияның ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында дүниеге келуінің символдық мәні бар. Сәбидің дүниеге келуі бір отбасына ғана емес, барлық қазақстандықтарға қуаныш әкелді. Бұл бала отбасындағы төртінші қыз. Жақын арада олардың мұрагері болады деп үміттенеміз", – деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны 20 маусымда Алматы қаласының перинаталдық орталығында түнгі сағат 2.00-де дүниеге келді. Сол күні Алматы облысы, Іле ауданы, Чапаев ауылының тұрғыны Азамат Нұрғалиев пен оның жұбайы Назгүл Көбентаева көпбалалы отбасы атанды. 

Жәнияның анасы Назгүл Көбентаеваның айтуынша, желіде нәрестенің туған күні 3 тамыз деп қате көрсетілген.

"Жәния еліміздің 19 миллионыншы азаматы болады деп ойлаған жоқпыз. Президент құттықтағанда қатты қуандық, қобалжыдық. Жақында Жәнияны қырқынан шығардық", – деді Назгүл Көбентаева.

Енді, мына қызықты қараңыз, 2017 жылғы 11 мамырда өмірге келген еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны Мүслима Саматқызы да Алматы облысында туған. Оған облыс әкімі Амандық Баталов 3 бөлмелі пәтердің кілтін сыйлаған. 

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу