Қыруар қаржы желге ұшпай ма?

349

Ақтау жағалауында 10 млн теңгеге жасалған жұмыс сапасыз болып шықты.

Қыруар қаржы желге ұшпай ма?   Фото: Lada.kz

Каспий теңізі жағалауына орнатылған "Бекіре" сәулет нысаны бір жылға жетпей тозып кетті. 
 "9А шағын ауданында жағалауға орнатылған бекіре бейнесі көңіл көншітпейді. Қазір нысан Ақтау қалалық әкімдігінің балансында тұр. Балық мүсінінде бояу қабыршақтанып, бірнеше жерін тот басқан. Осындай көзбояушылықпен жасалған заттар кімге тиімді? Бюджет қаражатын босқа шашу деп түсінеміз", дейді қала тұрғыны Махаббат Жұбанисова.   

"Шағын сәулет нысаны жергілікті әкімшіліктің теңгерімінде. Біз "Бекіре" нысанының жағдайын сақтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оның күтімімен қалада абаттандыру жүргізетін "Алаш констракшн" ЖШС-ы айналысады. Шарт жыл соңына дейін жасалған. Осы жылдың көктемінде кішігірім архитектуралық формамен боялған, мүлікті вандалдардан сақтау үшін қоршау орнатылды. Сәулет нысанын жөндеу тозу шамасына қарай жүзеге асырылады", - деп түсіндірді Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Бақтияр Мақсатов.

"Бекіре" тұқымдас балықтың құрметіне жасалған нысан өткен жылдың ақпан айында 9а шағынауданының жағасында пайда болды. Жобаның құны – 10 млн теңге.

Шенеуніктер сендіргендей, демеушілердің көмегімен қаражат бөлініп, осы сәулет нысаны жасалған. Бастапқыда қаражат ТҮКШ бөлімі арқылы игерілмек болған. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу сайтында конкурс өткізілді. Тапсырысты "Clover Media Group" ЖШС-і алды. Кейін серіктестікпен келісім бұзылады.                                                                        

Ақтау қаласында Каспий теңізі жағалауында тағы бір нысан – ескі айлақты қайта жаңарту керек. Оған 20 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Қала билігі "Самал" шағын ауданына қарама-қарсы тұрған жағалауды қайта құру үшін жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға тапсырыс беріпті. Тапсырыс беруші – Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.  Оған ақтөбелік "Мир проект" ЖШС-мен жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге шарт жасалған.

Сатып алу қорытындысы бойынша шарттың жалпы сомасы – 20 583 670 теңге. Әкімдікте хабарланғандай, қаражат әлі бөлінбеген.

"Айлақтың бетон конструкциясының тозуы мен бүлінуіне және теңіздің таяздануына байланысты айлақты техникалық тексеру, қайта құру және абаттандыру жоспарлануда. Жобаны әзірлеу барысында қандай жұмыстар атқарылатыны белгілі болады", – деп нақтылады қалалық жолаушылар көлігі және автожолдары бөлімінің мамандары.

Жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға алты ай уақыт беріліпті. Бірақ қажет болған жағдайда тапсырыс беруші мерзімді ұзарта алады.

Ақтау қаласының "Самал" шағын ауданына қарама-қарсы жағалау сызығы қала әкімдігінің меншігінде. Бұл жаңалық қала тұрғындарын тағы да ойландырып тастады. Осы жоба үшін жергілікті билік бюджет ақшасын желге шашпаса деп секемденеді олар.      

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу