Қырықоба қорымынан жерлеу рәсімінің бірнеше түрі анықталды, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Аудандағы зерттеу жұмысы жеті жылдан бері жүргізіліп келеді. Биыл Ақтөбе облыстық тарихи-өлкентану музейінің мамандары, археологтар, Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы қызметкерлері, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлкеттік университетінің тарих факультеті оқытушылары мен студенттері барды.
"Қорымда құрсақтағы сәби секілді жерлеу әдісі және кездесті. Кейбірінен кішкентай баланың сүйегі мен тасбақаның сауыты табылды. Адамдардың шалқайтып, отырғызып жерлегендері де бар. Қола дәуіріне жататын бұл қорым Қазақстан бойынша өте сирек кездеседі. Адамдардың жерлеу дәстүріне сараптама жұмыстарын жүргізгеннен кейін бұл аумаққа жергілікті халық емес, басқа жақтан келген тайпалар бар екенін анықтадық. Жерлеу дәстүріне қарасақ Солтүстік Кавказ бен Месопотамия өркениетіне ұқсастықтары бар. Болжам бойынша, алғашқы бақташылардың да қорымы болуы да мүмкін", – деді Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Аслан Мамедов.
Айта кетейік, Ойылдағы Қаратал, Құмжарған, Қоңырат секілді бірнеше жерде адамзаттың ерте заманғы тарихына жататын 400-ге жуық ескерткіш анықталды. Көптоғай ауылы мағындағы венгрлерге жататын ескерткіштер археологтарды қызықтырады.
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкентану музейінің баспасөз қызметкері Қуат Әбілқайырдың айтуынша, Ойылдан 11 км қашықтағы Құмсайдың топырағы құрылысқа жарамды болған соң тұрғындардың қорымды бұзбауы үшін арнайы белгі қойылды.