Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жарысқа 34 елден 1500-ге жақын спортшы қатысады. Олар спорттың 6 түрінен (11 дисциплина – биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, ски-альпинизм) 196 медаль жиынтығына таласады.
Ал, еліміздің ұлттық құрамасы дүбірлі додаға 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) алып барады. Олар спорттың 6 түрінен 50 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ведомство өкілі жарыс өтетін қалаларды атады.
– ІХ қысқы Азия ойындары 2025 жылғы 7-14 ақпан аралығында Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында өтеді. Осы жолы жарыстарды Харбин және оның шығысында 200 шақырымда орналасқан Ябули қаласы да қабылдамақ. Атап айтқанда, Харбинде коньки спорты түрлері, шайбалы хоккей мен кёрлинг жарыстары, ал Ябулиде шаңғы спорты, биатлон, шаңғы альпинизмі жоспарланған, – деді Имашев.
Еске салайық, 1996 жылы үшінші ақ Азиада ойындары осы Харбин қаласында өтіп, Қазақстан 14 алтын, 9 күміс, 8 қола жүлдеге ие болған еді. Негізінен еліміз қысқы Азиадаға сол жылдан бері қатысып келеді. Осыған дейін жалпы есепте 78 алтын, 62 күміс пен 56 қола медаль (барлығы 196) иеленген.