"Өткен аптада ұлттық құрама XXIV Қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін Бейжіңге ұшып кетті. Қазақстандықтар спорттың 8 түрінен 82 олимпиадалық лицензия жеңіп алған болатын. Оның ішінде биатлон, шорт-трек, конькимен жүгіру және тау шаңғысы спорты, фристайл-акробатика және тағы басқа спорт түрлері бар. Ұлттық олимпиадалық команда құрамына кірген 32 спортшының 28-і – динамошылар", – делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен бірге тәуелсіздік жылдары қазақстандық спортшылар жеңіп алған 72 олимпиадалық медальдың 60-ы "Динамо" қоғамының өкілдеріне тиесілі.
Айта кету керек, ұлттық құрама командаларының 80%-дан астамын динамо спортшылары құрайды. Олар әртүрлі спорт түрлері бойынша өнер көрсетеді. Сондай-ақ 44 олимпиадалық спорт түрінің 36-сы "Динамода" дайындалады.
"Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамы – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің дене шынықтыру және арнайы даярлығына жәрдемдесетін елдегі ең көне спорт ұйымдарының бірі.
Тоқсан мыңнан астам құқық қорғау органдарының қызметкері – осы қоғамның мүшесі. Олар 15 аумақтық филиалдағы 445 дене шынықтыру ұжымына біріктірілген.
Одан бөлек, бұл қоғам – бұқаралық спортты, дене шынықтыру-спорт қозғалысын, жастарды тәрбиелеу бағытында қызмет атқаратын бірегей спорт ұйымы.