Спорттық іс-шара 2026 жылдың 6 ақпанында Милан қаласындағы Сан-Сиро стадионында өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің қоғамдық кеңесі отырысында ел спортының биылғы нәтижесіне қорытынды жасалды.
– Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын шорт-тректен ҚР халықаралық деңгейдегі еңбек сіңірген спорт шебері Денис Никиша, шорт-тректен халықаралық деңгейдегі спорт шебері Яна Хан ұстап шығады, – деді Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары.
Еске салайық, 30 жастағы Денис Никиша – шорт-тректен әлем чемпионатының 500 метр қашықтықтағы екі дүркін күміс жүлдегері (2024, 2025 жыл).
Ал 25 жастағы Яна Хан – 2025 жылы эстафетадан қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері.
Сонымен қатар, Нұрлан Есембаев 2026 жылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан атынан 35 спортшы қатысуы мүмкін екенін айтты. Олардың басым бөлігі – Астана, Алматы қалалары, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан.
Аймақтар бойынша Ақмола облысынан – 9, Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысынан – 8, Алматы қаласы – 7, Қостанай облысы – 5, Шымкент қаласы – 4, Павлодар облысы – 3, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарынан 1 спортшыға сенім жүгі артылмақ.
– Қысқы Олимпиада ойындарына сапалы дайындықты қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы бөлінген қаржының жалпы көлемі 13,2 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде федерациялар есебінен – 585,0 млн теңге, республикалық бюджеттен – 5,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 6,2 млрд теңге, оған қоса туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан 812,5 млн теңге қаралды, – деді Нұрлан Есембаев.