Ендігі кезек – "Қысқы спорт түрлерінен үздік жаттықтырушы" атылымына лайықты жандарда.
Қысқы спорт өкілдері үшін маңызды маусым енді бастау алды. Десе де, өткен маусымда спортшылар жанкүйерлерді жарқын жеңісімен қуантқан болатын.
Елена Круглыхина, фристайл-могул
Елена Круглыхина – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы. Қазіргі таңда ол фристайл-могулдан әлемдегі үздік командалардың бірін жаттықтырады. Круглыхинаның шәкірттері халықаралық жарыстарда жиі көзге түседі. Әсіресе, өткен маусым могулшылар үшін табысты аяқталған. Алматыда өткен әлем чемпионатында қазақстандықтар бір күміс, екі қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ отандық спортшылар әлем кубогі кезеңдерінде жиі жүлдеге ілігеді.
Дмитрий Бабенко
Бабенко конькимен жүгіруден Қазақстан командасының бас бапкері. Ол спортшы ретінде де біраз биікті бағындырған. 2006 және 2010 жылдардағы Олимпиада ойындарының қатысушысы, Азия чемпионы (2006, 2014) және Азия ойындарының жүлдегері (2007, 2011). Дмитрий бапкер ретінде де өзін жақсы қырынан көрсете бастады. Соңғы маусымдарда Бабенко жаттықтыратын қазақстандық конькишілер әлемдік жарыстардағы көрсеткішін жақсартуда. Соның бірі – 2021 жылдың қарашасында өткен әлем кубогі кезеңінде қола жүлдегер атанған Надежда Морозова.
Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-трек
"Қысқы спорт түрі бойынша үздік жаттықтырушы" аталымына үміткерлердің бірі – шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков. 2017 жылы Қарсыбеков Altyn Samǵaý жүлдесінің жеңімпазы атанған болатын. Қарсыбековтің жетекшілігімен Қазақстан командасы 2010 жылдан бері жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Оның шәкірттері Азия чемпионаты мен Азия ойындарының және әлем кубогі кезеңдерінің жүлдегері атануда. Биылғы маусымда Денис Никиша мен Әділ Ғалиахметов кубоктік кезеңдерде жүлдеге ілікті.