Қысқы жылыту маусымының тұрақты өтуі әр әкімнің жеке бақылауында – Үкімет басшысы

279

Күннің суытуына байланысты коммуналдық жүйеге түсетін жүктеме арта түседі.

Қысқы жылыту маусымының тұрақты өтуі әр әкімнің жеке бақылауында – Үкімет басшысы Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жалпы елімізде күн күрт суытып кетті. Осыған байланысты коммуналдық жүйелерге түсетін жүктеме де арта түседі. Мұндай кезде жылу және энергия объектілерінде штаттан тыс жағдайлар орын алатыны мәлім. Технологиялық ақауларға байланысты инциденттер болып жатыр. Бірақ жылу беру толықтай тоқтап қалған жоқ. Бұзылған учаскелерді нормативтік мерзімде қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданды", - деді Үкімет басшысы. 

Әлихан Смайыловтың сөзінше, жергілікті атқарушы органдар тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйенің жұмысын ерекше бақылауда ұстауы қажет. 

"Авариялар болған жағдайда барынша шұғыл әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет. Халыққа нақты жағдай туралы, жөндеу жұмыстары мен жоспарлы жұмыстар туралы дер кезінде объективті әрі түсінікті ақпарат беру өте маңызды мәселе. Әйтпесе өтірік ақпарат пен фейк тарап кетеді", - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы барлық жылу жүйесінің тұрақты жұмысын, жылу станциялары мен қазандықтарға отынның уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету қажеттігі мәселелеріне баса назар аударды.

"Өңір әкімдіктері жылу объектілерінің иелерімен бірге тұрақты жұмыс істейтін жөндеу бригадаларының болуын, шұғыл жөндеу жұмыстары қажет болған жағдайда қосалқы бөлшектердің әзір тұруын қамтамасыз етуі тиіс. Қысқы жылыту маусымының тұрақты өтуі әрбір өңір әкімінің жеке бақылауында болуы тиіс", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу