Биыл қыста Өскемендегі жылу электр орталығында ақау шығып, халықтың наразылығын тудырған болатын. Көп ұзамай олқылықтың орны толықтырылған.
Алдағы уақытта осындай келеңсіздіктер туындамас үшін орталыққа толыққанды тексеру жүргізілді.
Бұл туралы ШҚО әкімдігі хабарлап отыр.
"Өскемен жылу электр орталығы" ЖШС ірі өнеркәсіптік ұйымдар мен тұрғын үй-коммуналдық сектор үшін электр және жылу энергиясын өндіру жүктемесінің 80 пайызын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда орталық жоғары қысымды қазандық салу бойынша инвестициялық жобаны іске асырып, екі қазандық агрегатын күрделі жөндеуден өткізбек. Осы инвестициялық жобаға 8 миллиард теңге салынды. Нәтижесінде, ЖЭО келесі жылыту маусымына толық дайын болады", - дейді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Оның айтуынша, кәсіпорында жүргізілген ауқымды тексеру жұмыстарының нәтижесі белгілі болды.
"Елеулі заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Орталықты дамытудың кешенді жоспары бар. Келешекте қуатты арттыру қажет. Өйткені қала қарқынды дамып келеді. Жаңа тұрғын аудандар салынып, кәсіпорындар ашылуда", - дейді облыс әкімі.