Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осы жылдың 10 айында электр энергиясын өндіру көлемі 102 млрд кВт·сағат болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,3% жоғары. Биылғы күзгі-қысқы кезеңде ең жоғары жүктеме 18 200 МВт-қа жетеді деп болжанады. Бұл өткен жылыту маусымындағы ең жоғары көрсеткіштен 3% артық. Энергия көздерінің отын қоймаларында 5,8 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут жинақталды", – деді Ерлан Ақкенженов.
Министр барлық станция отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етілгенін жеткізді.
"Министрлік 255 мың тонна көлемінде "әлеуметтік" мазут жеткізу кестесін бекітті. Мазутты жөнелту ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктеріне аталған кестенің орындалуын жеделдету қажет", – деп атап өтті Энергетика министрі.