Ат құлағы көрінбейтін арқаның ақ боранынан кейін, сақылдаған сары аяз күшіне енді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Өкінішке қарай, құбылмалы ауа райы бақытсыз жайтқа да алып келді. 25 ақпанда Шет ауданына қарасты Ақжал ауылдық округінің қыстауынан ер адам жаяу шығып кетіп, қайтып оралмаған. Ер адам жоғалған күні оны туыстары өздері іздеген. Алайда ақ түтек боран кедергі келтірген. Қыстау тұрғыны табылмаған соң, туыстары 26 ақпанда түскі сағат 12.00 - де Төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып көмек сұрапты. Іздестіру шарасы барысында құтқарушылар сағат 17:15 -те қыстақтан бес шақырым жерде ер адамның мүрдесін тапқан.
Қарағанды облысының төтенше жағдайлар қызметі оқыс оқиғаларға ұрынбау үшін қолайсыз ауа райында жолға шықпауға кеңес береді.
"Қарағанды облысының ТЖД ауа райы нашарлаған кезде елдімекендерден тыс жерлерге жаяу және көлікпен жүруден бас тартуды ұсынады. Ауа райының өзгеруіне сай киініңіз. Барлық оқиғалар мен төтенше жағдайлар фактілер туралы 112 немесе 87212 - 43 - 36-36 , 43-37-37 телефондары бойынша хабарласуға болады",- деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Арайлым Еркебаева