Қытай 2030 жылға қарай мұнай мен газдың жалпы өндіріс көлемін 440 млн тонна мұнай эквивалентіне жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатты Қытайдың Ұлттық энергетика басқармасы мен Даму және реформалар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеті бірлесіп әзірлеген. Жоспарда отын-энергетика секторын дамытуға қатысты негізгі міндеттер белгіленген.
Шикізатты тасымалдау көлемінің өсуіне байланысты Қытай алдағы жылдары тағы 20 мың шақырым магистральдық мұнай және газ құбырын салуды көздейді. Нәтижесінде 2030 жылға қарай елдегі магистральдық құбырлардың жалпы ұзындығы 220 мың шақырымға жетпек.
Жоспарда сұйытылған табиғи газды қабылдау терминалдарының жылдық өткізу қуатын 200 млн тоннаға, ал құрлықтағы құбырлар арқылы газ импортын 114 млрд текше метрге дейін ұлғайту қарастырылған.
Мұнай мен газ өндіру жұмыстары Ордос, Бохай, Сычуань, Тарим, Сунляо, Жоңғар және Цайдам бассейндеріндегі негізгі өндірістік базаларда шоғырланбақ.
Қытай билігінің пікірінше, мұнай мен газ елдің өнеркәсібі мен энергетикасы үшін маңызды стратегиялық ресурс болып саналады. Оларды тұрақты жеткізу ұлттық энергетикалық қауіпсіздікпен және экономикалық даму қарқынымен тікелей байланысты.
Айта кетейік, 2025 жылы Қытайдағы көмірсутек өнімдерінің жиынтық өндірісі тарихи көрсеткішке жетіп, 420 млн тонна мұнай эквивалентін құраған.