Қытай АҚШ-қа сирек металл экспортын тежеді

400

Қытай ондаған компанияға экспорттық шектеу енгізіп отыр.  

Қытай АҚШ-қа сирек металл экспортын тежеді Фото: turkiyetoday.com

Бейжің бұл шешімнің ұлттық қауіпсіздікті қорғау және халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында қабылданғанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бейжің қара тізімге енген компанияларды Пентагонмен қоян-қолтық жұмыс істейді деп күмәнданады. Яғни, сирек металдар соғысқа қолданылуы ықтимал.

Ал АҚШ-тың бұл өнеркәсіптері Қытайдан келетін ресурстарға зәру. Осыған дейін АҚШ-та Қытайдың 60 алпауыт компаниясын қара тізімге енгізген еді. Олардың арасында Alibaba, Baidu, тіпті әлемдегі ең ірі автоөндіруші BYD секілді компаниялар бар. 

Олар Пентагонның Қытай әскеріне көмектеседі деген күдігіне ілікті. Іле-шала Қытай да дәл осындай жауап қатты. Енді американдық компаниялар сирек металдан қағылатын болды. Өйткені Қытай әлемдегі өңделген сирек металдар мен сирек жер магниттерінің 90 пайызын өндіреді. Солардың 17 түрі электромобиль, авиациялық моторлар және әскери радарлар өндірісінде аса маңызды материалдар саналады. Алыстағы АҚШ Қытайдан сирек металдардың 71 пайызын импорттап отыр. Малайзиядан 13%, Эстония мен Жапониядан небәрі 5 пайыз өнім импорттайтынын ескерсек, АҚШ экономикасы Қытай жерінен шығатын сирек металдарға аса зәру.

АҚШ-та сирек жер элементтерін өндіретін бір ғана кеніш бар. Ол Калифорнияда орналасқан Маунтин-Пасс кеніші. Алайда елде металл өңдейтін өндірістік қуат жеткіліксіз. Сондықтан шикізатты өңдеу үшін Азияға, негізінен Қытайға жіберіледі.

1980 жылдарға дейін АҚШ әлемдегі сирек металдардың ең ірі өндірушісі болған. Алайда Қытай өндіріс ауқымы мен төмен өндірістік шығындардың арқасында бұл саланы өзін қаратып, америкалық компанияларды нарықтан ығыстырды.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа шектеулер АҚШ пен Қытай арасындағы сауда және технология саласындағы бәсекенің әлі де жалғасып жатқанын көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу