Бұл қадам АҚШ-тың қытайлық компанияларға енгізген жаңа шектеулеріне жауап ретінде жасалды.
Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі 13 қыркүйекте хабарлағандай, тергеудің бірі демпингке қарсы шараларға байланысты. Ол Texas Instruments және ON Semiconductor компаниялары шығаратын кейбір аналогтық микросхемаларға, соның ішінде интерфейстік және драйверлік чиптерге қатысты жүргізіледі.
Сонымен бірге министрлік АҚШ-тың Қытай чип индустриясына қарсы "дискриминациялық әрекеттеріне" қатысты жеке тергеу бастады. Ведомствоның мәлімдеуінше, Вашингтон енгізген экспорттық шектеулер мен тарифтер "Қытайдың жоғары технологиялық салаларының дамуын тежеу және басып-жаншу" мақсатын көздейді.
Мадридтегі келіссөздер
14-17 қыркүйек аралығында Мадридте АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент пен ҚХР Мемлекеттік кеңесі төрағасының орынбасары Хэ Лифэн қатысатын келіссөздер өтеді. Күн тәртібінде – сауда кедергілері, ұлттық қауіпсіздік мәселелері және TikTok әлеуметтік желісінің болашағы.
Бұл кездесулер АҚШ-тың соңғы шешімінен кейін өтіп отыр: Вашингтон ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясат мүдделеріне қауіп төндірді деген уәжбен 23 қытайлық компанияны "қара тізімге" енгізді. Оның ішінде Қытайдың ірі чип өндірушісі SMIC-ке жабдық жеткізді деп айыпталған екі фирма бар.
Биылғы жылы АҚШ пен Қытай делегациялары Женевада, Лондонда және Стокгольмде бірнеше рет келіссөз жүргізді. Тараптар тарифтік шиеленісті уақытша тоқтату үшін бірнеше мәрте 90 күндік үзіліс жасауға келіскен. Бұл сауда соғысының алдын алуға мүмкіндік берген еді.
Қытайға қарсы шектеулер
Шілде айындағы Стокгольмдегі кездесуде Скотт Бессент келіссөздерді "өте мазмұнды" деп бағалады. Оның айтуынша, АҚШ стратегиялық салаларда, соның ішінде сирек кездесетін металдар, дәрі-дәрмек пен жартылай өткізгіш өндірісінде тәуекелдерді азайтуды көздейді.
Қытайға озық микрочип өндірісіне арналған жабдық жеткізуге шектеулерді АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден де, қазіргі президент Дональд Трамп та енгізген. Вашингтон бұл шараларды ұлттық қауіпсіздік мүддесімен түсіндіреді. Ал Бейжің мұны өзінің экономикалық өсімін тежеуге бағытталған саясат ретінде қабылдайды.