Қытай АҚШ-тан импортталатын 128 түрлі тауарға кедендік салықты өсіріп жіберді

1220

Қытай АҚШ-тан импортталатын 128 түрлі тауарға кедендік салықты өсіріп жіберді

Бейжің АҚШ-тан импортталатын 128 түрлі тауарға кедендік салықты өсіріп жіберді. Қытай қаржы министрлігінің сайтында жарияланған ақпаратқа сай, баға негізінен азық-түлік, шарап, алюминий сынды өнімдерге өскен, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Ведомство мұны "Қытайдың құқығын қорғау" деп түсіндіреді. Ал, бұған дейін Дональд Трамп Қытайдан жеткізілетін шойын темірге салынатын кедендік салықты 25 пайызға қымбаттатқан. Бұл "Қытайдан жеткізілетін 1300-ге жуық тауарға шектеу қоямыз" деген Вашингтонның әрекетіне жауап іспетті. Көкөніс пен жаңғақ, шарап өнімдеріне салық 15%-ға өссе, алюминий мен шошқа етіне міндетті төлем 25 пайызды құрайды. 

"Қытай нарығы ерекше. Тұтынушылар көп. Олар шошқа етін көптеп сатып алатын. Енді бұл жағдай біздің салаға, тіпті АҚШ экономикасына кері әсерін тигізеді деп ойлаймын", - дейді АҚШ-тың шошқа етін өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Дженнифер Тири.

АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңында Трамп Қытайды экономикалық терроризмге мүше ел ретінде айыптаған. Бұл мемлекеттен келетін шойын мен алюминийдің бағасына кедендік салықты 25 және 10 пайызға өсірді және мұны "ұлттық қауіпсіздіктің танымы" деп атады. Ал Бейжің болса Вашингтонды диалог алаңына шақырған. 

"Американың ұстанымына сай, Қытайдың да көзқарасы өзгермейді. Біз АҚШ жағдайды ой елегінен өткізіп, әлемдік экономиканың тенденциясына сай әрекет етеді деп сенеміз. Сондықтан Құрама штаттарды мәселені бір жақты шешпей, бірлесіп шешуге шақырамыз", - дейді Қытай сауда министрлігінің өкілі Гао Фэн.

Сарапшылардың пікірінше, сауда соғысында жеңімпаз жоқ. Яғни қос тараптың да ұтылатынын олар ескертті. Бейжіңнің Вашингтонға қарымта жауап қайтаратыны анық. Мәселен, Қытайда триллион долларды құрайтын Американың құнды қағазы бар. Сондай-ақ, АҚШ-тағы әрбір 4-ші Boeing ұшағы Қытай үшін құрастырылады. Демек, әуе кемесі нарығындағы ең ірі компания өкілдері тұтынушылардың кенеттен Airbus-қа көшуін қаламайтыны анық. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу