Қытай АҚШ-ты Ауғанстанға қарсы санкцияларды алып тастауға үндеді

683

ҚХР-дың СІМ басшысы "Талибанмен" сындарлы байланыс орнату керек деген пікірде.

Қытай АҚШ-ты Ауғанстанға қарсы санкцияларды алып тастауға үндеді

Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И АҚШ пен батыс елдерін Ауғанстанға қарсы салынған санкцияларды алып тастауға үндеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Ведомство басшысы Ауғанстанның уақытша министрлер кабинеті төрағасының орынбасары болып тағайындалған Абдул Ғани Барадармен кездесу барысында осындай мәлімдеме жасады. 

"Қытай Ауғанстан бастан кешіріп жатқан гуманитарлық қиындықтарға үлкен мән береді, сондықтан АҚШ пен батыс елдеріне санкцияларды алып тастауды  ұсынамыз", – дейді Ван.

Оның айтуынша, барлық тараптар Ауғанстанға көмектесу үшін "Талибанмен" сындарлы байланыс орнату керек.

"Қытай ауған халқына мүмкіндігінше гуманитарлық көмек көрсетіп, уақытша қиындықтарды еңсеруге, осы орайда халықаралық қоғамдастықпен бірлесе жұмыс істеуге дайын", – деді ҚХР-дың СІМ басшысы.

Тамыз айының басында тәліптер Ауғанстанның үкіметтік әскеріне қарсы операцияны бастап, 15 тамызда Кабулға басып кірген еді. 

31 тамызда америкалық әскерилер Кабул әуежайы арқылы елден кетті. Қыркүйек айының басында Ауғанстанның уақытша үкіметінің құрамы жарияланды. Оның басшысы болып Муұхаммед Хасан Ахунд тағайындалды. Ол "Талибан" бірінші мәрте билікке келген кезде сыртқы істер министрі қызметін атқарған болатын.

Табиғат Нұрболат

Фото: gettyimages.com

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу