Бұл айыптау америкалық барлау қызметінің қытайлық компьютерлік жүйелерге кибершабуыл жасауымен тікелей байланысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Қытайдың Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі АҚШ-тың барлау құрылымдарын, нақтысы Ұлттық қауіпсіздік агенттігін (NSA) "еліміздің ұлттық уақыт орталығының компьютерлік жүйелеріне кибершабуылдар жасады" деп айыптаған.
Қазіргі уақытта шабуылдардың мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылғаны жайлы деректер тарап отыр, сондай-ақ оның ұзақ мерзімді және жасырын сипатта болғаны да айтылады.
"АҚШ тарапынан жасалған бұл кибершабуылдар қоғамның қалыпты жұмыс істеу жүйесіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін" делінген ведомствоның хабарламасында.
Ал Қытай тарапы "NSA қауіпсіздік жүйесіндегі осалдықтарды пайдаланып, ұлттық уақыт орталығы қызметкерлерінің кейбір шетелдік ұялы телефонын бақылауға алды және олардың құпия деректерін ұрлады" деген уәж келтіріп отыр.
SCMP басылымының жазуынша, алғашқы шабуылдар 2022 жылдың наурыз айында басталған. Одан кейін 2023 жылдың сәуірінен соң американдық барлау ұрланған құпиясөздерді пайдалана отырып, орталықтың желілік инфрақұрылымын терең зерттеген.
Қытай министрлігі АҚШ барлау қызметі ҚХР-дың жоғары дәлдіктегі уақыт жүйесін бұзуға тырысқанын, тіпті бұл мақсатта АҚШ, Еуропа және Азияда орналасқан виртуалды серверлерді пайдаланғанын айтты.