Осыған байланысты Қытайдың Сыртқы істер министрлігі өз мүддесін қорғау үшін батыл әрі пәрменді шаралар қолдануды жалғастыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
АҚШ президенті Дональд Трамптың "өзара тарифтер" енгізу туралы шешімі бүгін, яғни 9 сәуір күні түсте ресми түрде күшіне енді. Демек, Қытайдан жеткізілетін тауарларға қосымша 104% баж салығы салына бастайды.
Қытай СІМ ресми өкілі Линь Цзян бүгін өткен жиында Қытай халқының даму жолындағы заңды құқығын шектеуге, елдің егемендік, қауіпсіздік және даму мүдделеріне қол сұғуға жол берілмейтінін жеткізді.
Ол АҚШ-тың Қытайға салынатын баж салығы шектен тыс қысым жасағанын сынады. Ол мұндай өктемдік пен әлімжеттікке Қытайдың үзілді-кесілді қарсы екенін және оған жол бермейтінін қатаң ескертті.
– Егер АҚШ екі ел мен халықаралық қауымдастықтың мүддесіне пысқырып қарамай, тарифтік қақтығыс пен сауда соғысын жалғастыруға ниет етсе, Қытай қалайда соңына дейін табандылық көрсетеді, – деді ол.
Ескерте кетейік, АҚШ-тың "өзара тарифтер" саясаты бойынша соңғы баж салықтары күшіне енгеннен соң Қытай тарапы қарсы шаралар қолданатынын мәлімдемеді. Десе де, Қытай Мемлекеттік кеңесінің ақпарат кеңсесі "Қытай-АҚШ сауда қатынастары туралы Қытай тарапының ұстанымы" атты Ақ кітап жариялады. Құжатта сауда соғысында еш елдің жеңіске жетпейтіні, Қытай мен АҚШ арасында саудаға байланысты келіспеушілік пен шиеленістердің болуы қалыпты құбылыс екені жазылған. Сонымен қатар, мәселені келіссөз арқылы шешуден артық нұсқа жоғы айтылған.