Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қытайдың Алматы қаласындағы Бас консулдығының сауда жөніндегі консулы Лю Хун Юэмен, "Beijing Longhua Yang Guang Investment Co. Ltd" компаниясының, "Лунюань Жетісу" және КүнҚуат" ЖШС-ның өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуде өңірдің өнеркәсіп саласына инвестиция тарту мәселесі сөз болды.
Амандық Баталов инвестиция тарту Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің бірі екенін атап өтті.
"Біздің басты мақсатымыз – жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық базасын ұлғайтуға мүмкіндік беретін жаңа кәсіпорындар ашу. Бұл өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін береді деп ойлаймын", – дейді облыс әкімі.
Сонымен қатар бүгін өңір басшысы ҚХР ШҰАА Боротола-Моңғол автономиялы облысының губернаторы Бадымала бастаған облыс делегациясымен де жүздесті. Кездесу барысында Достық – Алашаңқай халықаралық темір жол шекара өткелі маңын дамыту, еларалық сауданы жандандыру, туристік нысандар мен оларға қажетті инфрақұрылымды дамыту жайы кеңінен сөз болды.