Қытай аптап ыстықпен күреске "жасанды жаңбыр" жүйесін пайдаланып жатыр

400

Бұл жүйені пайдалану шығындары тұрғын үйді күтіп ұстау төлеміне енгізілген. Сондықтан тұрғындардан қосымша ақы алынбайды.

Қытай аптап ыстықпен күреске "жасанды жаңбыр" жүйесін пайдаланып жатыр Фото: Синьхуа

Қытайдың солтүстігіндегі Шаньси провинциясының Юньчэн қаласында аптап ыстыққа қарсы ерекше салқындату жүйесі іске қосылды. Ауа температурасы +37°C-тан асқаннан кейін тұрғын үй кешендерінің бірінде "жасанды жаңбыр" технологиясы қолданыла бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жеті көпқабатты тұрғын үйдің шатырына жоғары қысымды су бүріккіштері орнатылған. Әр ғимаратта шамамен 200 форсунка жұмыс істейді. Жүйе 10 минут бойы ұсақ су тамшыларын шашып, олардың булануы арқылы ауадағы жылуды сіңіреді. Соның нәтижесінде тұрғын үй кешені аумағындағы температура шамамен 10 градусқа төмендейді.

Басқарушы компанияның мәліметінше, бұл жүйені пайдалану шығындары тұрғын үйді күтіп ұстау төлеміне енгізілген. Сондықтан тұрғындардан қосымша ақы алынбайды.

Мамандардың айтуынша, су тұманы ауаны салқындатумен қатар шаң мен түтіннің мөлшерін азайтып, ауаның ылғалдылығын арттыруға және жасыл желекті суаруға да көмектеседі.

Ал Қытайдың оңтүстік-батысындағы, жаздың аптап ыстығымен танымал Чунцин қаласында автобус аялдамалары арнайы салқындату платформаларымен жабдықталған. Батырманы басқан кезде жүйе су тұманын шашып, күту аймағындағы температураны 3–8 градусқа төмендетеді. Бұл технология тұрмыстық кондиционерлерге қарағанда шамамен 10 есе аз энергия тұтынады.

Чунцин метросында жолаушылар +25°C температура сақталатын күшейтілген салқындатылатын немесе +27°C болатын қалыпты салқындатылатын вагондарды таңдай алады. Сонымен қатар метро станцияларында демалыс аймақтары мен алғашқы медициналық көмек көрсету орындары қарастырылған.

Қаланың іскерлік ауданында ғимараттарды салқындату үшін Янцзы мен Цзялинцзян өзендерінің суын пайдаланатын жүйе енгізілген. Бұл технология артық жылуды сыртқа шығарып, жыл сайын көмірқышқыл газы шығарындыларын шамамен 60 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.

Ал Чжэцзян провинциясының Иу қаласында ыстықтан қорғайтын тауарларға сұраныс артып келеді. Салқындатқыш сүлгілер, белдікке тағылатын шағын желдеткіштер мен су бүріккіші бар қолшатырлардың экспорты айтарлықтай өскен.

Сарапшылардың пікірінше, Қытайда кеңінен енгізіліп жатқан мұндай салқындату технологиялары "жазғы экономика" бағытының маңызды бөлігіне айналып, алдағы уақытта аптап ыстықпен күресте басқа елдерде де қолданылуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу