Қытай әскері алғаш рет автомат арқалаған робот итін көрсетті

210

Робот ит жасырын жерден жау нысандарына шабуыл жасай алады.

Қытай әскері алғаш рет автомат арқалаған робот итін көрсетті Фото: www.c4isrnet.com

"Алтын айдаһар-2024" тақырыбымен өткен бұл әскери оқу-жаттығуда Қытай армиясы робот итін көрсетіп, ел назарын өзіне аударды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Қытай мен Камбоджа әскерилері 15 күндік бірлескен әскери жаттығу өткізіп жатыр.

Қытайдың ресми басылымы Global Times хабарлауынша, "Алтын айдаһар-2024" код атауымен аталған шара — екі ел арасында бұрын-соңды өткізілген ең ірі әскери жаттығу.

Оған қатысу үшін Қытай әскері 760, Камбоджа 1315 адам жіберді.

Сонымен қатар, бұл әскери жаттығуға Қытайдың 3 әскери кемесі, 11 Камбоджа әскери кемесі, 2 тікұшағы және 69 жауынгерлік техникасы қатысты.

Қытай әскерилері оқу-жаттығу барысында қарулы робот иттерді көрсетті. Бұл - арқасына автоматты винтовка орнатылған қашықтан басқарылатын төртаяқты робот.

Бұл — Қытай армиясының әскери робот иттерін алғаш рет көпшілікке көрсетуі.

Қытай армиясы пайдаланатын робот-иттер негізінен екі түрге бөлінетінін көпшілікке тараған видеоконтенттен көруге болады: бірі барлау үшін пайдаланылатын робот ит, екіншісі — арқасына автоматты винтовка орнатылған жауынгерлік робот ит, ол негізінен үйлердегі нысаналарды іздестіру және шабуылға қолданылады.

Қытайлық әскерилер мұндай робот ит жасырын жерден жау нысандарына шабуыл жасай алады, бұл әскерилердің соққы беру қабілетін жақсартады және өз шығынын азайтады деп мәлімдеді.

Камбоджа мен Қытай әскерлерінің бірлескен оқу-жаттығуы 16 мамырда басталған.

Антитеррорлық және гуманитарлық көмек көрсету мақсатында өткізілетін шара 30 мамырда аяқталады.

Бұл әскери жаттығудың барлық шығынын Қытай өз мойнына алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу