Қытай AUKUS блогын сынға алды

930

Ресми Бейжіңнің пікірінше, Аустралия, АҚШ және Ұлыбританияның ядролық суасты флотын дамыту саласындағы серіктестігін нығайтуы аймақтағы тұрақсыздыққа әкеліп соқпақ. 

Қытай AUKUS блогын сынға алды

АҚШ, Ұлыбритания және Аустралияның Үнді-Тынық мұхиты аймағында AUKUS блогын құру туралы шешімін Қытай жақтырмады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

ҚХР билігі бұл блоктың құрылуына "жауапкершіліксіз қадам" деген баға берді.

Баспасөз мәслихаты барысында AUKUS мүшелерінің ешқайсысы "Қытай" деген сөзді айтпаған еді. Алайда Қытайдың СІМ "аймақтағы тұрақтылыққа қандай қауіп төнетінін" және блок мүшелерінің қай елді меңзеп отырғанын түсінетінін мәлім етті.

"АҚШ, Біріккен Корольдік және Аустралияның атом сүңгуір қайықтары саласындағы ынтымақтастығы аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа кері әсерін тигізіп қана қоймай, қару-жарақ жарысын жандандырады және ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық келісімге қайшы келеді. Ядролық суасты қайықтарына арналған құпия технологияларды экспорттайтын Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбританияның әрекеттері олардың екіжүзді саясатын көрсетіп отыр, олар мұндай экспортты геосаяси ойындар құралы ретінде пайдаланбақ", – деді Қытай СІМ-нің ресми өкілі Чжао Лицзян.

Еске сала кетсек, АҚШ, Ұлыбритания және Аустралия стратегиялық маңызды Үнді-Тынық мұхиты аймағында Қытай ықпалының артуы аясында AUKUS деп аталатын одақ құрды. Ақ үй басшысы Байден жаңа одақ құрудың мақсаты Үнді-Тынық мұхиты аймағында бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету екенін айтты. Жаңа пактінің аясында АҚШ Аустралияны ядролық суасты флотын құруға мүмкіндік беретін технологиямен қамтамасыз етеді.

Табиғат Нұрболат

Фото: politico.com

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу