ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев ҚР аумағында коронавирустың пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың берген мәліметі бойынша, бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирустық инфекциямен сырқаттану жағдайлары тіркелмеген. ҚХР-мен мемлекеттік шекара арқылы барлық өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жұмыстары жалғасуда, оның барысында осы жылдың 6 қаңтарынан бастап 21,8 мың адам қаралды.
"Осы жылдың 5 ақпанындағы жағдай бойынша 104 адам жоғары температурамен ауруханаға жатқызылды, олардың 71-і бүгінде ауруханадан шығарылған. Стационарларда 33 адам қалып отыр, барлығына коронавирусқа қатысты зерттеу жүргізілді – нәтижелері теріс", – деді Елжан Біртанов.
Сондай-ақ таяуда Ухань қаласынан эвакуацияланған 83 отандасымыз карантинге жатқызылған еді. Зертханалық тексерулер елге оралғандардың бойында да коронавирустық инфекцияның жоқ екенін анықтады.
Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев қазіргі таңда ҚХР аумағында ҚР-ның 780 азаматы, оның ішінде 559 студенті жүргенін хабарлады. Қазақстанға жеткізу туралы 427 адам өтініш берген, қалғандары ҚХР-да қалуға ниет білдірген. Сыртқы саяси ведомство дипломатиялық арналар арқылы азаматтарымызды елге әкетуді ұйымдастыру мүмкіндігін пысықтап жатыр.
Осы жылдың 3 ақпанынан бастап ҚХР рейстеріне билеттері бар жолаушыларға авиабилеттерді сатып алу орны бойынша қайтару немесе қайта ресімдеу жүзеге асырылуда. Бұл жағдайда проблема жоқ, деп сендірді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев.
Сондай-ақ комиссия отырысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ішкі істер вице-министрі А. Калайчиди, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ж. Бекшин, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары баяндады.